Шахин Мұстафаев Жібек жолын ЮНЕСКО мұрасына енгізуге арналған онлайн кездесуге қатысты.
Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев 2024 жылғы 1 ақпан күні "Жібек Жолын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізіміне ұсыну процесін қолдау" жөніндегі сарапшылардың онлайн режимде өткен 6-ші кездесуіне қатысты.
Келелі кеңесті ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығы мен Халықаралық Орталық Азия зерттеулер институты бірлесіп ұйымдастырды.
Алтыншы кездесудің ашылуында ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра орталығы Азия-Тынық мұхиты бөлімінің директоры Хималчули Гурунг ханым құттықтау сөз сөйледі. Қатысушылар белсенді пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, жобаның 2024 жылы жүзеге асырылатын іс-қимыл мақсаттары мен міндеттерін талқылады.
Айта кету керек, бұл ЮНЕСКО мен Жапонияның Дүниежүзілік мәдени мұраны сақтау жөніндегі сенім қоры (Japan Fit) жүзеге асырып жатқан жобаның 3-ші кезеңі. Сарапшылар «Жібек жолының Еділ-Каспий дәлізі» трансұлттық номинациясы да көп кешікпей ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары қатарынан орын алатынына сенімді. Бұған дейін Жібек жолының басқа трансшекаралық аумақтары аталған тізімге енгізілген болатын. Басқосуға ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра орталығының, Тейкио университетінің, Халықаралық Орталық Азия зерттеулер институтының өкілдері, Әзербайжан Мәдениет министрлігі, Алматыдағы ЮНЕСКО бюросы, Түрікменстан Мәдениет министрлігі, ЮНЕСКО істері жөніндегі Түрікменстан ұлттық комиссиясы және әрбір қатысушы мемлекеттен 2 сарапшыдан, сондай-ақ шақырылған халықаралық сарапшылар қатысты.