Сеул қаласында болған қайғылы оқиға салдарынан бір қазақстандық қыз мерт болды. Бұл туралы Оңтүстік Кореядағы 24.kz тілшісі хабарлады.
Журналист елшілік қызметкерлерімен бірге марқұмның мәйітін анықтау кезінде болған. 26 жастағы ақтөбелік Корея университеттерінің бірінде магистратурада оқыған. Полицейлер оқиға болған жерден оның ұялы телефоны мен құжаттарын тапқан. Марқұм Хэллоуин фестиваліне достарымен бірге барған. Қазір дипломаттар қыздың туыстарымен байланысқа шығып жатыр. Кореяда ұлттық аза тұту жариялануына байланысты Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінде мемлекеттік ту төмен түсірілді.
Соңғы мәлімет бойынша 151 адам қайтыс болды. Олардың 19-ы шетелдіктер. Арасында – Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Австралия, Норвегия, Шри-Ланка, Иран және Қытай азаматтары бар.