Басты

Семейде екі көпір де толық жаңартылады

 

Бүгін, Абай облысының әкімі Берік Уәли нысандарды аралау барысында Семей қаласында «Ескі көпір» атауымен белгілі автогуж көпірінде жөндеу жұмыстарының басталатынын айтты.

«Бір аптаның ішінде аяқтауды тапсырамын. Кіреберіс жолдарын қоса алғанда 1 шақырымға жуық аумаққа қалыңдығы 6 см асфальт төселеді. Осылайша қаламыздағы екі көпір де толық жаңарады», – деді облыс әкімі.

Бұған дейін Семейдегі аспалы көпір мен айналма жолдың асфальт жабындысы толық ауыстырылған болатын. Жөндеу аяқталғанда қаладағы қозғалыс қауіпсіздігі мен қолайлылығы айтарлықтай артады.

Сонымен қатар, Берік Уәли ескі көпірдің жанында салынып жатқан жаңа көлік өткелінің құрылыс жұмыстарын тексерді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұзындығы 810 метр, ені 21,5 метр болатын нысанның құрылысы 2022 жылы басталған. 2022–2024 жылдары жобаны жүзеге асыруға 16,7 млрд теңге бөлініп, биыл республикалық бюджеттен 10,3 млрд теңге қарастырылды. Оның 5,5 млрд теңгесі игерілді. Жоба бойынша 9 тірек орнату жоспарланса, бүгінгі таңда оның алтауы дайын. 9 мың тонна металл конструкцияның 2,5 мың тоннасы құрастырылды.

Құрылысты аяқтауға қосымша 19 млрд теңге қажет. «Орталық Азия – Қытай» саммитінен кейін ҚХР тарапынан аймақ елдеріне қайтарымсыз грант бөлу мәселесі көтерілген. Аталған көпірді грант есебінен қаржыландыру туралы облыстың ұсынысы Президенттің қолдауына ие болып, Үкіметке тиісті тапсырма берілді.

Қазіргі уақытта нысанда 15 техника және 120 жұмысшы екі ауысымда еңбек етуде. Құрылысты 2026 жылғы тамызда аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі мердігер компанияға биыл жыл соңына дейін көпірдің бірінші кезеңін аяқтап, көлік қозғалысын қамтамасыз етуді, ал асфальт жабындысын келесі көктемде төсеуді тапсырды.

TuraNews

Back to top button