Қазақстан Қытаймен қатар, Өзбекстанның жүк тасымалдау нарығындағы қозғаушы күші болмақ. Өзбекстандағы ATI.SU халықаралық жүк тасымалдау биржасы өкілдігінің директоры Фарид Вахидов осындай пікір айтты, деп жазады Turanews.kz UZA агенттігіне сілтеме жасап.
ATI.SU халықаралық жүк тасымалдау биржасының деректері көрсеткендей, Өзбекстан нарығы геосаяси жағдайларға байланысты туындаған былтырғы өсімнен кейін тепе-теңдікке еніп жатыр. Өзбекстанға жүк тасымалдауға өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаңтардан маусымға дейін 77 пайызға өсті. Ресейден тасымалдауға сұраныс 75 пайызға, сондай-ақ Қазақстан, Беларусь және Қытайдан да айтарлықтай өсті. Сол кезеңде жүк тасымалына ставкалар 8 пайызға өсті.
Сонымен бірге, екінші тоқсанда динамика баяулады. 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда Өзбекстанға жүк тасымалдауға өтінімдер саны 31 пайызға қысқарды, оның ішінде Ресей бағытында айтарлықтай төмендеген (-30 пайыз). Экспорттық тасымалдарда өсім одан ертерек тоқтады. Бірінші жартыжылдықта Өзбекстаннан биржада орналастырылған өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға қысқарды. Ресей бағытында қысқару 8 пайыз болды, бірақ Қазақстан мен Беларуське тасымалдауға сұраныс, керісінше аздап өсті. Бұл ретте экспорттық жүк тасымалдарына ставкалар 13 пайыз өсімді көрсетті.
«Жалпы, халықаралық тасымалдау нарығы өткен жылғы өсімнен кейін біртіндеп теңесіп жатыр. Оған негізінен Ресейге қарсы санкциялар ықпал еткен болатын. Қалай болғанда да, Ресей бағытында біз жақын арада жаңа өсім күтіп отырған жоқпыз, бірақ аздаған өзгеріс болуы да мүмкін. Есесіне, басқа бағыттар, ең алдымен Қазақстан мен Қытай өсу драйвері (қозғаушы күші) бола алады», — деді Фарид Вахидов.