БастыҚоғамМәдениет

«Сақ стиліндегі» жаңа дизайндағы номиналы 5 000 теңгелік банкнота айналымға шықты

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) жаңа дизайнда шыққан номиналы 5 000 теңгелік банкноталарды 2023 жылы 25 желтоқсанда айналымға шығарды

Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлім етті.

Бұл – «Сақ стилі» жаңа сериясының алғашқы банкнотасы. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

ҚҰБ шынайы банкноталарды жалған ақшадан өз бетінше ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелер бар екенін еске салады және 2023 жылғы үлгіде шыққан жаңа дизайндағы 5 000 теңгелік банкноталардың қорғаныш элементтерін ұсынады.

Ақша белгісінің қорғаныш элементтері туралы

Банкнотада рельефті қалыптастыратын – алтын интаглио арнайы баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.

Банкнотаның бет жағындағы шеттерінде шығыңқы, жоғары рельефті элементтер бар, олар қолмен ұстағанда жақсы сезілетін – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.

Банкнота бетінде үзік-үзік түрінде шығып тұрған екі түсті қорғаныш жіп те бар. Ол жарық түскенде бір тұтас жіп ретінде анық көрінеді. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде қызыл және көк түстердің өзара әрекеттесуінен динамикалық лүпілдің әсері пайда болады.

Сонымен қатар, банкнотаның бет жағында көлемді стильдендірілген «Бүркіт» бейнесі түріндегі патч қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотаны аударған кезде номиналдың цифрлық кескінінен ою-өрнекке ауысу әсері және күн белгісі сәулелерінің жан-жаққа шашыраған динамикалық әсері байқалады.

Жеке көркемдік элементтер банкнотаға алтын түстес жылтырағы бар арнайы – иридисцентті бояу қолданып басылған.

Локальды су белгісі қорғаныш элементі – электротип. Жарық түскенде номиналдың бейнесінен тұратын электротип белгісі анық көрінеді.

Банкнотаның екінші бетінде «Бүркіт» артефактінің көлемді бейнесі түріндегі Спарк элементі орналасқан. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде Спарк түсі алтыннан нефрит түсіне өзгереді.

Мұндай тексеру тәсілдері бірнеше секунд уақытты алады және кез келген адамға банкнотаның түпнұсқалығын анықтауға көмектеседі.

 

 

TuraNews

Back to top button