Самарқандта Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің тоғызыншы отырысы өтті.
10 қарашада Самарқандта Өзбекстанның төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің тоғызыншы отырысы өтті, деп Халықаралық Түркі академиясы сайтына сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Қатысушылар күн тәртібінде ұйым аясындағы аймақтық және халықаралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ 11 қарашада Самарқандта өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті барысында қол қоюға ұсынылатын құжаттардың жобаларын қарастырды.
Өзбекстанның толыққанды мүшелікке өтуін асыға күтеміз.
Академия басшысының міндетін атқарушы алдағы Саммитте түркі интеграциясын нығайта түсетін маңызды шешімдер қабылданатынын атап өтті.
«Біз бауырлас Өзбекстанның ертеңгі Саммитте Академияға бақылаушы мәртебесін алатынына өте қуаныштымыз. Тарихы бай, ортақ түркі мұрасының ажырамас бөлігі болып табылатын Өзбекстанның толыққанды мүшелікке өтуін асыға күтеміз.
Біздің бақылаушы-мүшеміз Мажарстанмен ғылым және білім саласындағы қарым-қатынастарымыз қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді.
Сондай-ақ, бауырлас Түрікменстан да алдағы уақытта Академияға мүше болады деп үміттенеміз». – деді Ф.Мәджидли.