Сайлау-2023: Бүгін – тыныштық күні
Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы алдындағы тыныштық күні басталды. Бүгін, 18 наурызда кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады, деп хабарлайды Turanews.kz
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ертең өтетін сайлауға 12 032 550 дауыс беруші тіркелді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді.
Мәжіліс пен мәслихат сайлауына 7 партия қатысады. Атап айтқанда, «Amanat» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Respublica» партиясы, «Қазақстан халық партиясы», «Байтақ» жасылдар партиясы, «Ақ жол» партиясы және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы».
Мәжіліске барлығы 98 депутат сайланады. Оның 70 проценті, яғни 69 орын пропорционалдық жүйемен 5 пайыздық межеден өткен саяси партиялардың тізімі бойынша сайланады. Ал, қалған 30 процент, яғни 29 орын бір мандатты округтерден сайланатын депутаттарға беріледі.
Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыстың мәслихаттары сайлауында партиялық тізім және бір мандатты округтердің арақатынасы 50/50 болады. Ал, қалалық, аудандық мәслихаттар 100 пайыз бір мандатты округтер арқылы сайланған депутаттардан тұрады.