Спорт

Рыбакина Мексикада тарихи жеңіске жетті

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Мексиканың Канкун қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде екінші матчын өткізді, деп BasSport.kz порталына сілтеме беріп хабарлайды TuraNews.kz.

Қазақстандық теннисші әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен кортқа шықты.

Елена Рыбакина кездесуді тамаша бастап, небәрі 22 минутқа созылған бірінші партияда қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 6:0.

Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте грекиялық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:2 болған мезетте Елена брейк жасай білді – 4:2. Б

ірақ ізінше Марияның брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды.

Ақыры матч тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда қазақстандық теннисші матчты эйспен түйіндеді – 7:6 (7:2).

Екі сағат 25 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 6 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.

Саккари 4 эйс, 1 брейкпен көзге түсті (7 брейк-пойнт).

Айта кетейік, Елена бұл турнирге Қазақстан атынан қатысқан алғашқы теннисші, сондықтан бұл тарихи жеңіс.

Рыбакина алғашқы бәсекесінде әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегулаға есе жіберген еді.

Ал Пегула содан кейін әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша, өз тобында көш бастаған америкалық спортшының есебінде 2 жеңіс бар.

Рыбакина 3 қараша күні таңға қарай Ариана Соболенкомен шеберлік таластырады.

Егер оны жеңген жағдайда жартылай финалға жолдама алады.

TuraNews

Back to top button