Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өтіп жатқан Дүниежүзілік теннис лигасының (WTL) көрме турнирінің алғашқы жарыс күні үздік теннисші деп танылды, деп жазады TuraNews.kz.
«Сетте 10 ұпай, тайбрейкте 10 ұпай! Елена Рыбакина — бірінші матчтың ең үздік ойыншысы», — деді Абу-Дабидегі турнирді ұйымдастырушылар Falcons командасында өнер көрсететін қазақстандық теннисші жайлы.
Жарыстың алғашқы күні румыниялық спортшы Сорана Кырстямен бірге Рыбакина жұптық сайыста поляк теннисшісі Ига Швентек пен француз Каролина Гарсиядан басым түсті. Одан кейін екінші ойында жекелей сында Елена бірінші сетте Швентектен жеңіліп (4:6), екіншісінде (10:8) жеңіске жетті. Командалар арасындағы матчта есеп теңесті – 24:24 және жеңімпазды анықтау үшін «алтын сет» ойналып, онда қазақстандық 10:8 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 57 минутқа созылды.
Айта кетейік, Елена турнирде Кырстя, Сумит Нагал және Тейлор Фрицпен бірге Falcons командасының құрамында өнер көрсетуде.