БастыСаясатЭкономика

Ресей Өзбекстанда аз қуатты АЭС салуды жоспарлап отыр

Ресей президенті Владимир Путиннің Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында 27 құжатқа қол қойылды

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлімдегендей, екі ел басшылары әуелі шағын құрамда кездесіп, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Оның барысында мемлекеттер арасындағы жоғары сауда-экономикалық ынтымақтастық жайы сөз болды.

Атап айтқанда, Өзбекстанда ресейлік инвестицияның көлемі артып, өнеркәсіптік кооперация дамып келеді. Оның нәтижесінде бірлескен жобалар портфелі 45 млрд долларға жетті. Осы орайда Ресей мен Өзбекстан президенттері жетекші кәсіпорындардың жобаларын қолдау үшін бірлескен инвестициялық платформаны іске қосуға уағдаласты.

©president.uz

Владимир Путин мен Шавкат Мирзиёев шағын құрамдағы кездесуде білім беру және инженерлік бағыттағы кадрларды даярлау ісіне ерекше тоқталды.

Сапар аясында Өзбекстанда Бауман атындағы Мәскеу техникалық университетінің және Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясының филиалдарын ашу туралы келісімдерге қол қойылды. Кейін келіссөздер кеңейтілген құрамда өтті. Онда тараптар парламент, үкімет, министрліктер мен жауапты ведомстволар деңгейінде қарқынды байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.

«Сіздің мемлекеттік сапарыңызды тарихи маңызға ие деп айтуға болады. Бұл біздің елдеріміз арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастардың жаңа кезеңі басталғанын айғақтайды», — деді Шавкат Мирзиёев.

Сонымен қатар қос елдің басшылары өзара тауар айналымының кейінгі 7 жылда 2,5 есе өскенін атап өтті. Тараптар алдағы уақытта оның көлемін 30 млрд долларға дейін арттыруға ниетті.

Жоғары деңгейде талқыланған салалардың бірі – энергетика. Өзбекстан мен Ресей газ тасымалдау жүйесін жаңғырту, көгілдір отын мен мұнай өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту жөніндегі жобаларды қолға алуға келісті. Бұған қоса, сапар барысында Ресейдің қатысуымен Өзбекстанда аз қуатты атом электр станциясын салу бойынша келісімге қол қойылмақ.

Жоғарыда аталғандармен қатар, метрология саласында Өзбекстанға техникалық көмек көрсету, бірлескен кино өндірісі, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық келісімдеріне қол қойылды. Келіссөз қорытындысы бойынша Владимир Путин мен Шавкат Мирзиёев өз үкіметтеріне келісілген әр бағыт бойынша «Жол картасын» қабылдауды тапсырды.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button