Түркияның шығысындағы Ван қаласына қарасты Эрджиш ауданының қырғыз тұрғындары соңғы қырғыз ханы Рахманқұл ханның туғанына 110 жыл толуына орай бейітінің басына тағзым етті, деп жазады түркиялық мемлекеттік телерадиокомпаниясы TRT.
Ван губернаторлығы, Эрджиш ауданы әкімдігі және Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксой бірлесе ұйымдастырған шараға Қырғызстанның Түркиядағы елшісі Руслан Қазақбаев, Түріксой бас хатшысы Сұлтан Раев, Ван губернаторының орынбасары Мұрат Яйабашы, Эрджиш ауданының әкімі Мұрат Каралоғлу және қырғыз ресми өкілдері қатысты.
1982 жылы Ауғанстанның Памир таулы аймақтарынан көшіп келіп, Ерджіш аймағының Ұлыпамир ауданына қоныстанған қырғыздар соңғы хан деп танылған Рахманқұл ханды еске алды. Хан зиратында құран оқытылып, дұға бағышталды.
Шара аясында Қырғызстаннан келген музыканттардың концерті өтті. Сондай-ақ, көкпар ойнатып, қатысушыларға дәстүрлі тағамдар ұсынылды.