Қызылша ауруын жұқтырғандардың басым бөлігі – екпе салдырмаған балалар
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ брифингінде елімізде таралып жатқан түрлі ауру бойынша жағдайға тоқталып, эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады.
Оның мәлімдеуінше, республикамыз бойынша туберкулезбен сырқаттанушылықтың 3,4%-ға, оның ішінде тыныс алу органдарының туберкулезімен сырқаттанушылықтың 3,7%-ға төмендеуі байқалады.
Жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың арқасында елдегі қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтануда. Мәселен, 2024 жылдың желтоқсанында қызылшаның 81 жағдайы тіркелсе, 2023 жылдың осы кезеңінде 10 339 жағдай тіркелді. Сырқаттанғандардың негізгі үлесін жоспарлы профилактикалық екпені алмаған балалар құрады.
«Жағдайды тұрақтандыруға 5 жасқа дейінгі балалар мен медицина қызметкерлеріне қосымша жаппай иммундау жүргізу ықпал етті, оның шеңберінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина сатып алуға ҚР Үкіметінің резервінен бөлінген қаражат есебінен 1,5 млн адам егілді. Бұл аурушаңдық деңгейін 99,2 %-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Биылғы жалдың басынан бастап қызылшаның 64 жағдайы тіркелді. Аурушаңдық екпе алмаған балалар есебінен тіркелді, бұл сырқаттанған балалар санының 83%-дан астамын құрайды», – деді спикер.
Бүгінде жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың, атап айтқанда, жоспарлы және толықтыра иммундаудың арқасында елдегі көкжөтел бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, сырқаттану шыңымен салыстырғанда (шілдеде – 390 жағдай, желтоқсанда – 105 жағдай) жағдайдың 73%-ға төмендеу үрдісі байқалады. Биыл көкжөтелдің 55 жағдайы тіркелді, 10 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 0,3 құрады. Толықтыра иммундау аясында ҚР Үкіметі резервінің қаражаты есебінен бұрын жоспарлы екпені өткізіп алған 186 мыңнан астам бала көкжөтелге қарсы егілді.
Жалпы, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұқпалы ауруларға қарсы тиімді вакциналар тізімін кеңейту стратегиясын қолдап отыр. 2024 жылы онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакциналау енгізілді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарға АПВ вакцинациясы, сондай-ақ 12-13 жас аралығындағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізілуде. Бүгінгі күні 114,4 мыңнан астам қыз бала егілді, оның ішінде 11 жастағы қыздар саны 64 мыңнан асты, ал 12-13 жастағы бойжеткендер саны 50 мыңнан асты. Екпе алғандардың арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелмеген.
«Тағы да еске салғым келетіні, қазіргі уақытта елімізде жедел респираторлық вирустық инфекциялар және тұмаумен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық маусым жалғасуда. Аурудың алдын алу үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтауды ұсынамын: жабық ғимараттарда адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу; үй-жайларды үнемі желдету; қолды антисептиктермен, дезинфекциялық майлықтармен өңдеу; науқас адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету; жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау белгілері байқалса балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу, ауру белгілері пайда болған кезде уақытылы медициналық көмекке жүгіну», – деп түйіндеді ведомство өкілі.