Қоғам

Қызылордадағы Назарбаев саябағын қайта қалпына келтіру жобасы дайындалды

Тұңғыш Президент саябағы халықтың қарасы үзілмейтін, таптырмас отбасылық демалыс орны.

Жайлы аумақта шағын мерейтойларды атап өту үрдіске айналған. Сондықтан болар, жасыл желекке оранған жерде тынығушылар саны жыл сайын арта түсуде. Осыны ескере келе, саябақ көлемін кеңейтуді, демалыс аймағын жаңартуды жолға қою мақсат етілді. Оған демеушілер есебінен жаңғырту жобасы әзірленді.

Аумағы 64,5 гектарды құрайтын Тұңғыш Президент паркі 2007 жылы ашылып, бүгінгі күнге дейін жаңғырту жүргізілмеген. Балалар ойын алаңы, орындықтар, жарықтандыру және т.б. қажетті құрылымдар жетіспейді. Ал, жаңа жобада жетіспеушіліктер толық қамтылып, Тұңғыш Президент паркі мен Денсаулық саябағы арасын заманауи орынға айналдыру көзделген.

Мұнда халықтың сұранасына сай автокөліктер тұрағы бар, гүлзарлармен көмкерілген көркем келбет қалыптасады. Парк ішінде 3 аллея, 3 бөліктен тұратын су бұрқақ, 1 амфитеатр, 1 бетон-скейтпарк, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт алаңы, 4 workout аймағы, 4 фудкорт, сондай-ақ көптеген шағын сәулеттік пішімдер және аттракциондар болады.
Сонымен қатар, саябақ арқылы өтетін барлық аллеялар мен тротуарлар бір — бірімен байланыстырылып, бұл маршрутты оңай және жылдам салуға, саябақтың дұрыс нүктесіне жетуге мүмкіндік береді. Вело-жүгіру жолы бүкіл саябақ арқылы шағын және үлкен шеңбер бойымен өтеді, жобада модульдік-санитарлық ғимаратын орналастыруға арналған алаңдар қарастырылған. Бақшада жасанды тоған, тоған үстіндегі көпір, стилистикалық ағаш беседка және демалуға арналған орындықтар бар. Мұнан өзге биіктікке өрмелеу нысаны, ойын құрылғылары, фитнеске арналған спорт қондырғылары, теннис корты, биіктігі 50 метрлік айналмалы дөңгелек аттракционы, балаларға арналған түрлі әткеншектер, тамақтану орындары, би алаңы, паркур, стритбол, сахна, сарқырама каналдары, канал үстінен көпірлер, бадминтон, шахмат, волейбол, баскетбол, футбол алаңдары, арқан саябағы, дария жағалауындағы жүргіншілер жолы, модульдік санитарлық ғимарат қарастырылған. Паркке ауыз су, кәріз су желілері тартылып, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қоса жүргізіледі.

Айта кету керек, Қызылорда қаласында 33 сквер-аллея, саябақтар мен демалыс орындары бар. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін қоғамдық орындарды жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады.

Қазір қалалық мәдениет және демалыс паркінде қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бұдан бөлек, Қорқыт Ата ескерткішінің маңындағы аллея, Батырхан Шөкенов атындағы саябақ қайта жаңғыртудан өткізіледі.

TuraNews

Back to top button