Қоғам

Қызылордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы бір жаңа мектеп ашылды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданының «Саяжай» шағын ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 600 орындық білім ошағының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, жауапты салалардың, құқық қорғау органдарының басшылары, сала ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Аймақ басшысы аудан тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырсында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндадым. Президентіміз облысымыздың экономикалық өсіміне оң бағасын берді.

Осы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді», – деген болатын.

Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірінде байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар жүзеге асуда. Біз ұрпақ білімін арттыруға, қоғамда ұстаз беделін көтеруге әркез мүдделіміз. Тұрақты қолдаудың арқасында өңіріміздің білім саласы табысқа жетті. Сәулеті жаңарған мектептер бой көтерді.

Өткен жылы білім саласына бөлінген қаржы 270 млрд теңге болса, биылғы бюджеті 308 млрд 134 млн теңгеге жетті, яғни 16,9 пайызға артты. Жаңа мектептердің ашылуы – жай ғана ғимараттардың салынуы емес, бұл жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 6 900 оқушыға арналған 10 мектеп құрылысы басталып, облыс орталығындағы 900 орындық алғашқы мектепті өткен жылдың қазан айында табыстадық.

Жыл басында Жаңақорған ауданының «Жаңарық» ауылында, Арал қаласында 300 орындық, Қызылорда қаласында 600 орындық мектептерді пайдалануға бердік. Жыл ішінде тағы 5 «Жайлы мектептің» құрылысын аяқтаймыз.

Бүгін, міне, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүзеге асырылған, құны 4 млрд 709 млн теңге болатын 600 орындық «Жайлы мектепті» ел игілігіне табыстаудамыз. Біз бұл арқылы Жаңақорған кентінде қарқынды өсіп келе жатқан «Саяжай» шағын ауданындағы балаларымыз баратын мемлекеттік мектептің мәселесін шештік. Енді оқушыларға басқа мектептерге қатынаудың қажеті жоқ.

Алдымызда нақты жоспарларымыз бен бастамаларымыз әлі де көп. Оларды іске асыру бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз. Қуаныштарыңыз құтты болсын!» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында Мұрат Әбенов аудан тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев батасын берді.

Айта кетейік, өткен жылы аймағымызда 6 мектеп бой көтеріп, 5 мектепке қосымша ғимарат ел игілігіне табысталды. Осылайша Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.

«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» ел игілігіне табысталды. Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.

Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты наурыз айында аяқталмақ.

Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.

Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.

Салтанатты іс-шарада Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен заманауи білім ордасының құрылысын жүргізген мердігер мекеменің қызметкерлері марапатталды.

 

TuraNews

Back to top button