Қызылорда: үшжақты меморандумға қол қойылды
Бүгін Қызылордада «Оңтүстік Торғай, Шу Сарысу бассейндері көмірсутектерінің ресурстық базасын дамыту және кен орындарының мұнай деңгейін арттыру перспективасы» тақырыбында ІІ Қазақстан CNPC техникалық семинары басталды.
Жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Арымбек Құдайберген, қытайлық «CNPC» компаниясының вице-президенті Чжан Даовэй қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Басқосуда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев семинарға қатысушыларға сәттілік тілеп, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы мұнай компанияларының үлесін атап өтті.
Бүгінде игерілген кен орындарының көпшілігі өндірістің соңғы сатысына шыққан. Қолданыстағы мұнай кеніштерінің табиғи сарқылуына байланысты 2013 жылдан бері мұнай өндіру көлемі шамамен 65%-ға қысқарды. Сондықтан, өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы өңір экономикасын әртараптандыру жұмыстары қолға алынды. Осылайша мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың қыркүйек айынан бастап оң динамикаға шықты.
Саланың дамуы отандық мұнай-сервистік компаниялардың дамуына жол ашты. Аймақта қалыптасқан мұнай-сервистік белдеу қаншама отбасының осы саладан табыс табуына мүмкіндік беруде.
Бүгінде мұнда 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Жалпы алғанда, облыстың өнеркәсіп өндірісінде мұнай-газ саласының үлесі шамамен 50%-ды құрайды. Өңдеу саласындағы өсу қарқыны бойынша облыс 2022 жылы республикада 11-орында болса, биылдан бастап бірінші орында.
Экономика салаларында, әсіресе инвестиция тарту, құрылыс салу, сауда айналымы, көлік қызметі, ауыл шаруашылығында жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында бүгінде облыс экономикалық даму қарқыны бойынша өңірлер арасында көшбасшы позициясында. Мұнай компаниялары аймақтағы бірқатар әлеуметтік мәселелер мен жобаларды шешуге қолдау көрсетуде. Соңғы 10 жылда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 17 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлді.
Кездесу соңында облыс әкімдігі, ҚР Энергетика министрлігі, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы сұйытылған мұнай газын өңдеу қондырғысының жылдық қуаттылығын 2025 жылдан бастап алдағы 10 жыл ішінде 120 мың тоннаға дейін арттыруға бағытталған үшжақты меморандумға қол қойды.