Қызылорда: Үкімет басшысы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді
Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев кешегі Үкімет отырысының күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты арнайы жиын өткізіп, жауапты сала басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Алдымен облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймаққа арнайы келген ҚР Премьер-министрі Олжас Абайұлы Бектеновтің жұмыс сапарының қорытындылары туралы айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен кеше облысқа Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Бектенов арнайы жұмыс сапармен келіп, аймағымыз үшін ауқымды, тарихи маңызды жобалардың бірі «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалын салтанатты түрде ашты. Жеке инвестор, жерлесіміз «Болат Өтемұратов қорының» демеушілігімен салынған заманауи үлгідегі жаңа терминалда жолаушыларға барлық жағдай қарастырылған. Жаңа терминал сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсетуге, сауда-логистикалық әлеуетті дамытуға және жаңа рейстер ашуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Қызылорда қаласы және Бесарық ауылындағы бірқатар жаңа нысандармен танысты. Сапар қорытындысында аймағымызда атқарылған ауқымды жұмыстарға оң бағасын берді. Бұл баға барша жерлестеріміздің бірлігі мен тату тірлігінің жемісі деп білемін. Президентіміздің Сыр өңіріне деген ерекше қамқорлығы жаңа бастамаларға жол ашты.
Үкіметтік делегацияның өңірге жұмыс сапарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан барша әріптестеріме, зиялы қауымға, БАҚ өкілдеріне, кәсіпкерлер қауымына, «Қорқыт Ата әуежайының» ұжымына, Қызылорда қаласы, Сырдария ауданы әкімдіктеріне шынайы ризашылығымды білдіріп, алғысымды жеткіземін», – деді Н.Нәлібаев.
Сонымен қатар, аймақ басшысы жылу маусымындағы өрт қауіпсіздігі, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
«Жылу беру маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін профилактикалық іс-шараларды тиянақты ұйымдастырыңыздар. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы табиғи газды қауіпсіз пайдалану, оның ішінде түтін жолдары мен ауа-желдеткіш каналдарын уақытылы тазалау және жылу маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтау бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіңіздер.
Республикалық және жергілікті бюджет есебінен берілетін тегін дәрі-дәрмектің тұрғындарға толық жеткізілуін қадағалап, тоқсан сайын есебін жүргізіңіздер. Өңірдегі емдеу мекемелерінде госпитальді фармация бөлімдерін ашу мәселесін жан-жақты зерделеп, ұсыныс беріңіздер», – деді аймақ басшысы.