Қызылорда: тұрғындарды жеке қабылдау Жаңақорғанда жалғасты
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары кезінде жұртшылықпен кездесіп, Парламент Мәжілісінің депутаты М.Әбенов пен құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.
Оқушылар үйі мен өнер мектебі ғимаратында өткен жеке қабылдауға 94 азамат келді. Олар тұрғын үй, электр, газ желісін тарту, әлеуметтік көмек, жер телімі, аяқ су, жұмысқа орналасу, денсаулығына байланысты мүгедектік алу, тағы басқа мәселелерді көтерді.
Облыс әкімі мен құқық қорғау органдарының басшылары келген азаматтардың мәселелерін жан-жақты қарап, заң аясында тиісті түсіндірме берді.
Сунақата ауылының тұрғыны «Еңбек», «Екпінді», Қожамберді, «Сүттіқұдық» елді мекендерін газдандыру мәселесін қозғады. Аймақ басшысы жоғары қысымды газ құбырын салуға жоба-сметалық құжаттар әзірленгенін, қаржысын шешу жұмыстары қолға алынғанын айтты.
Қабылдауға келген аудан тұрғыны «Кейден» ауылындағы күкірт қышқылы зауытының ауаны ластағанына шағымданды. Оған қызметті жүзеге асырудың экологиялық шарттарын айқындайтын құжат, яғни экологиялық рұқсат рәсімделгені түсіндірілді.
Құқық қорғау органдарының басшылары келушілерді толғандырған мәселелерді заңдық тұрғыда шешудің жолдары туралы кеңес берді.
Кейінгі жылдары дәстүрге айналған мұндай қабылдаулар алдағы уақытта өңірдің басқа да аудандарында ұйымдастырылады.