Қызылорда облысында ұлттық жоба арқылы кәсіпкерлер саны өсуде
Облыста күн санап кәсіпке ден қойғандардың қатары артуда.
Бірі мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып тың идеясымен жаңа кәсіп бастаса, енді бірі дөңгелетіп отырған кәсібін одан әрі ұлғайтып, көкжиегін кеңейтуде. Бұл облыстағы кәсіпке бет бұрғандардың жұмысының жанданып жатқанын көрсетеді. Өз кәсібін өрге домалатып жатқан кәсіпкерлердің бірі — Ерлан Өтепов.
Ол ұлттық жоба қорытындысымен қайтарымсыз грант алып, жоғарғы қысымды шлангалар жасап шығаруды қолға алған. Бүгінде 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қажетті құрылғыларды Қытайдан алдыртқан кәсіпкер, сұраныстың да аз емес екенін айтты. “Өнімдер газ пештеріне, ұшаққа, және өзге де техникаларға әбден қажет”,- дейді кәсіпкер.
— Бұл кәсіпті бастағаныма 3 айға жуық уақыт болды. Көптен ойда жүрген кәсіп болатын. Мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант алып, осы кәсіпті жолға қойдым. Енді бұл шлангаларды аэропорттағы техникаға жауап беретін мамандар, газ пештеріне жауапты мамандар қатты қажет етеді.
Қытайдан құрылғыларды алдыртып, қызығып кірісіп кеттік. Бүгінде жұмысымыз жүйелі. 2 адамды қызметпен қамтып, осы жұмысты бастадық. Кәсібімізді жүргізуге ықпалы тиген жандарға айтар алғысымыз шексіз”,- деді Ерлан Өтепов.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша келесі санаттарға жататын тұлғалар өтінім беріп, оқуға қатыса алады:
- жұмыссыздар;
- зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер;
- дара кәсiпкер ретiнде тiркелмей-ақ табыс алу мақсатында тауарларды өндiру жөнiндегi қызметтi өз бетiнше жүзеге асыратын, жұмыстарды орындайтын және қызметтер көрсететiн және енжар дара кәсiпкерлер;
- отбасылық кәсiпкерлiкте ақысыз қызметтi өз бетiнше жүзеге асыру;
- табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен сатуға арналған жеке қосалқы шаруашылықта өндірістік қызметті дербес жүзеге асыратындар;
- табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооператив мүшелері;
- бастаушы және/немесе жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер.
Өтініштер онлайн режимде Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.
Өтініш беру үшін Business.enbek порталында тіркелу қажет, электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ қою керек.
Электрондық цифрлық қолтаңбаны gov.kz веб-сайтында қашықтықтан алуға болады:
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, Мансап орталықтарының, халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ ауылдық елді мекендерде орнатылған eQoldau қоғамдық қолжетімділік пункттеріне өтініш беруге болады.
Business.Enbek порталында мақұлданғаннан кейін өтінім автоматты түрде онлайн оқыту үшін skill.enbek.kz порталына жіберіледі.
Оқу ұзақтығы 14 күнтізбелік күн және тегін.
Оқыту нәтижелері бойынша тестілеу жүргізіледі. Тренинг нәтижелері бойынша қатысушыға сертификаттың тиісті түрі беріледі: оқуды аяқтағаны туралы сертификатты қорытынды тестілеу кезінде қажетті балл санын жинаған қатысушылар алады – кемінде 70%. Бітіргені туралы сертификат үш жыл бойы жарамды.