Қызылорда облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылуда
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысымен танысты.
Оның аясында Сыр өңірінде 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы басталып, бүгінде 5-уі оқушылар мен ұстаздардың игілігіне табысталды. Биыл тағы 5 «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі.
«Жайлы мектептерде» бастауыш және жоғары сыныптар бөлек блоктарда оқиды. Мобильді трансформер парталармен, әмбебап акт залымен, қауіпсіздік жүйесі, оқу-зертханалық құрылғылар және жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, өткен жылы аймақта 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Осылайша Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.
«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» табысталды. Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.
Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ.
Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.