Қырғызстанның Ош қаласында төтенше жағдай жарияланды
Қырғызстанда 18 мамырда жауған нөсер жауын салдарынан туындаған құбылмалы ауа райына байланысты Ош қаласында «төтенше жағдай» режимі енгізілді.

Ош қалалық билігінің хабарлауынша, мұндай шешім Ош қаласының мэрі Бақытбек Жетігеновтың төрағалығымен өткен Азаматтық қорғаныс штабының отырысында қабылданған. Режим сел салдары жойылғанша күшінде болады.
— Ош қаласының азаматтық қорғау қызметтерінің, қалалық және муниципалдық мекемелер мен ұйымдардың, жергілікті муниципалитеттердің және кенттердің аумақтық бөлімдерінің басшыларына қаладағы сел салдарын жою және кешенді іс-шараларды, оның ішінде тазалау жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Су басу қаупі бар аумақтарды тазарту, су тасқынынан қорғау арналары мен тосқауылдарын қалпына келтіру, профилактикалық іс-шараларды күшейту, қалалық ирригациялық желілер мен су бұру каналдарының жағдайын бақылау, сондай-ақ сел арналарына арнайы техниканың кедергісіз кіруін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтілді», — делінген хабарламада.