Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Алмазбек Атамбаевты барлық мемлекеттік марапаттарынан айыру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform.
Шешім Бішкек қаласы Первомайcкий аудандық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы үкімі бойынша қабылданды.
Құжатқа сәйкес, елдің бұрынғы президенті өзіне берілген Қырғыз Республикасының мемлекеттік марапаттарынан айырылды:
* Қырғыз Республикасының ең жоғары дәрежелі «Қырғыз Республикасының Батыры» белгісі;
* II дәрежелі Манас ордені;
* «Данакер» ордені;
* «Даңқ» медалі.
Сонымен қатар, Қырғыз Республикасы президентінің осы марапаттар берілген жарлықтары күшін жойды.
Қырғыз Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Сот орындаушылары қызметіне белгіленген тәртіппен мемлекеттік марапаттар мен оларға ілеспе құжаттарды кейіннен мемлекеттік марапаттар қорына аудару үшін тәркілеу шараларын қабылдау тапсырылды.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың маусым айында Бішкектің Первомайский аудандық соты Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты 2019 жылдың тамызында Қой-Таш оқиғасына байланысты мүлкін тәркілеп, мемлекеттік наградаларынан айыру арқылы 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сырттай үкім шығарды.



