
ОСК мәліметінше, бақылау тізіміне 4 млн 294 мың 243 сайлаушы енгізілген. Оның ішінде 2 млн 81 мың 514-і – ер адам, 2 млн 212 мың 729-ы – әйел.
Азаматтар өздерінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын 1255 немесе 11 қысқа нөмірлеріне қоңырау шалу арқылы, учаскелік сайлау бөлімшелерінде, tizme.gov.kg сайтында немесе жеке куәліктегі жеке сәйкестендіру нөмірін көрсетіп, 119 қысқа нөміріне SMS жолдау арқылы тексере алады.
Сайлаушылардың түпкілікті тізімі 2025 жылғы 25 қарашаға дейін 2 492 сайлау учаскесіне ілінеді.
Еске салайық, Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау 2025 жылғы 30 қараша, жексенбі күні өтеді.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров халыққа үндеуінде парламенттік сайлаудың өту барысын жеке өзі бақылауға ниетті екенін айтты.
5 қарашада Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасында қосымша үш сайлау учаскесін құру туралы қаулы қабылдады. Олар Алматы, Тараз және Шымкент қалаларында ашылады. Бұған дейін Астанада (Қырғызстанның Қазақстандағы Елшілігі), Алматыда (Бас консулдық), Атырау және Қарағанды қалаларында учаскелер жұмыс істеп тұрған еді.
Алдағы мерзімінен бұрын өтетін сайлауға 467 кандидат тіркелген. Халықаралық байқаушылар ретінде алғашында 127 адам, кейін тағы 251 адам аккредиттелді.
Садыр Жапаров өз үндеуінде Қырғызстандағы жағдайды дестабилизациялауға бағытталған кез келген әрекет сәтсіз болатынын мәлімдеді.
10 қарашада басталған 20 күндік үгіт-насихат кезеңі 2025 жылғы 29 қараша сағат 08:00-де аяқталады. ОСК барлық саяси үдеріс қатысушыларын заң нормаларын сақтауға шақырды. Сайлау кезінде қоғамдық тәртіпті 10 мыңнан астам ішкі істер қызметкері қамтамасыз етеді.
22 қараша күні Қырғызстанда сайлаудан кейін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды деген күдікпен 10 адам ұсталды.



