2023 жылғы 1 тамыздан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қырғызстанда энергетика секторында төтенше жағдай режимі енгізілді. ТЖ режимі қалай жұмыс істейді, энергия дағдарысының себептері, салдары және қабылданып жатқан шаралар туралы ҚазАқпараттың меншікті тілшісінің материалынан оқыңыз.
Төтенше жағдай режимі не үшін енгізілді?
Өткен аптада Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2023 жылғы 1 тамыздан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге күшіне енетін «Қырғыз Республикасының энергетика саласындағы төтенше жағдай туралы» жарлыққа қол қойды. Елдегі төтенше жағдай режимі объективті себептер бойынша енуде. Көптеген жылдар бойы Қырғызстан энергетика саласында, атап айтқанда, электр энергиясы тапшылығының өсуі және өндіруші қуаттардың төмендеуі проблемаларына тап болды. Елде қыс мезгілінде оның жеткіліксіз өндірілуінен және жаз мезгілінде – сұраныстың артуынан электр энергиясының жетіспеушілігі туындайды.
Фото:24.kg, Нарын өзені
Төтенше жағдай режимін енгізу Қырғыз Республикасын климаттық сын-тегеуріндерге, Нарын өзені бассейніндегі судың төмен деңгейіне, энергия тұтынудың қарқынды өсуі жағдайында генерациялайтын қуаттардың жетіспеушілігіне байланысты энергетикалық дағдарыстан шығару мақсатында шұғыл шешімдер қабылдауға бағытталған.
Мемлекет басшысы Садыр Жапаров энергетикадағы төтенше жағдайдың енгізілуіне пікір білдіріп, жарлықта көзделген шаралар энергетикалық жобаларды іске асыруды жеделдетуге және проблемалық мәселелерді тез шешуге бағытталғанын атап өтті. Бұл режим халыққа әсер етпейді. Оның айтуынша, жарлық Энергетика министрлігінің өкілеттігін 2026 жылға дейін кеңейтеді. Ведомство басшысына қажет болған жағдайда жедел тәртіпте маңызды шешімдер қабылдауға өкілеттік берілді. Атап айтқанда, министр энергия өндіруге қатысты мәселелерді үйлестіреді және жергілікті билік органдарына және министрліктің облыстық бөлім басшыларының орынбасарларына тапсырма беру құқығына ие болады.
Энергия дағдарысының себебі және қабылданған шаралар
Қырғызстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, елде электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын 10-15% артып келеді, бұл ретте жаңа қуаттар өндіріліп жатқан жоқ. Сала министрі Таалайбек Ибраев Қырғызстанда энергия тұтыну 2010 жылдан 2017 жылға дейін 7,2 млрд киловатт-сағатқа өскенін айтты. Биыл болжамды деректер бойынша, электр энергиясы тапшылығы 3 млрд кВт/сағ болмақ.
«Электр энергиясы жетіспеушілігінің басты проблемасы климаттық жағдайлармен байланысты. Ыстық ауа райында су тапшылығы тек Қырғызстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Елімізде мұздықтардың баяу еруі, Нарын өзенінде су ағысының төмендегені байқалады. Биыл Тоқтоғұл су қоймасында 14 млрд текше метрге дейін су жиналады деп болжанған еді. Бірақ ауа райы мүмкіндік берер емес. Шілде айының соңындағы жағдай бойынша қоймадағы су көлемі 10 млрд 750 млн текше метр болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 млрд текше метрге аз. Бұрын негізгі су ағыны мамыр-маусым айларында келсе, биыл ауа райына байланысты жағдай күрделене түсті. Метеорологтардың болжамды көрсеткіштеріне сүйенсек, су қоймасындағы көлем қысқы жылыту маусымы басында 12,2 млрд текше метрге жетеді», — деді Таалайбек Ибраев.
Фото:Tazabek
«Бізге шара қолдану керек. Қырғызстанда екінші немесе үшінші жыл суы аз кезең өтіп жатыр, бұл цикл әр 5-6 жылда бір қайталанады. Келесі жылы судың көбейетінін болжап отырмыз, 2026-2027 жылдарға қарай су ағыны артуы керек. Қазіргі энергия тапшылығы Өзбекстанның энергетикалық желілері арқылы Түрікменстаннан, Қазақстан арқылы Ресейден, сондай-ақ Қазақстанның бір бөлігі арқылы электр энергиясын импорттау жолымен жабылады. Импорт қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі. Алайда бұл уақытша шара», — деп толықтырды министр.
Министрдің айтуынша, жаңа күн және жел станцияларын салу, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жобаларын дамыту электр энергиясы тапшылығын шешуге және жаңа қуат өндірісін ұлғайтуға көмектеседі. Бұл ретте ЖЭК құрылысына жер учаскелерін бөлу процесінің ұзақтығы мен рәсімінің күрделілігі басты проблема болып отыр. Осыған байланысты енгізілетін төтенше жағдай режимі Энергетика министрлігіне жедел түрде энергетикалық жобалар үшін жер бөлуге мүмкіндік береді, инвесторлармен келісу және келісімшарттар жасасу рәсімдерін жеңілдетеді.
Сонымен бірге, Таалайбек Ибраев Қырғызстан президентінің ведомство алдына 2026 жылға дейін бірқатар шағын ГЭС салып, электр энергиясы өндірісін ұлғайтуды, оның импортын біртіндеп азайту және экспортты бастау міндеті қойылғанын атап өтті.
Фото: Vb.kg
ТЖ режимі халықтың өміріне қалай әсер етеді ?
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында енгізіліп жатқан төтенше жағдай режимі ел халқына әсер етпейтінін атап өтті.
https://kabar.kg/news/net-povoda-dlia-bespokoistva-prezident-otvetil-na-vopros-o-vvedennoi-chs-v-energetike/
«Халық қыс мезгілінде энергетика саласында күрделі жағдай болады деген арандатулар мен қауесеттерге бой алдырмауы керек. Бішкек жылу электр орталығы дайын тұр, басқа елдермен электр энергиясын импорттау бойынша жасалған шарттар бар, осылайша қыстан аман-есен шығамыз», — деп түсіндірді С. Жапаров.
Энергетика министрі 2023 жылдың қысқы кезеңінде Қырғызстан Қазақстанмен, Түрікменстанмен және Ресей Федерациясымен электр энергиясын импорттау бойынша келісімшарт жасасқанын хабарлады. Қол қойылған келісімдерге сәйкес, жеткізу қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі. Келесі жылы Түрікменстаннан қосымша 1,7-2 млрд кВт-сағат, Ресейден (1,5 млрд) және Қазақстан Республикасынан импорттау жоспарланған.
Сондай-ақ, Қырғызстан Энергетика министрі қысқы жылыту маусымында елде электр қуаты өшірілмейтінін айтты. Энергия желісінде артық жүктемелер байқалатын жекелеген аудандарда реттеу іс-шаралары, атап айтқанда трансформаторлар жүктемесін азайту үшін абонентті басқа желілерге уақытша ауыстыру жүргізілуі мүмкін.
Қырғызстанда электр энергиясының бағасы – ТМД елдері ішіндегі ең арзан бағалардың бірі. Ішкі тұтынудың жыл сайынғы өсуінен Қырғызстан жетіспейтін көлемді көрші елдерден импорттауға мәжбүр. Мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұтыну көлемінің қарқынды өсуі жағдайында халықты үздіксіз электрмен жабдықтау, сондай-ақ ескірген жабдықты жаңғырту мақсатында ел билігі 2023 жылғы 1 мамырдан бастап электр энергиясына тарифті 0,77 тиыннан 1 сомға дейін көтерді. Электр энергиясы құнын одан әрі арттыру жыл сайын инфляцияны ескере отырып жүргізілмек.