Қоғам
Қырғызстанда заңсыз көші-қон ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды
Қырғызстанда Пәкістан азаматтарынан құралған қылмыстық топ, шетелдіктерді заңсыз әкелу арқылы пайда тапқан. Олар жұмыс істейтін мигранттарды ақшаға Қырғызстанға жеткізу үшін жалған құжаттар жасап, заңды айналып өткен.
Қырғызстанның құқық қорғау органдарының мәліметінше, Пәкістан азаматтары Қырғызстанға мигранттарды жұмысқа әкелу мақсатында жалған визалар жасаумен айналысқан. Қырғызстанның Қылмыстық кодексі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 1991, 1995 және 1984 жылы туған үш азамат ұсталып, тергеу абақтысына қамалды.
Тергеу барысында күдіктілердің өз отандастарына 2000 АҚШ долларына жалған визалар жасағаны анықталды. Олар сондай-ақ мигранттардың жалақыларын өздеріне алып отырған. Сонымен қатар, визаларының мерзімі өтіп кеткен 12 Пәкістан азаматы мен 1 Непал азаматы анықталып, оларға 71 500 сом айыппұл салынды.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.