БастыСаясат

Қырғызстанда жергілікті кеңес депутаттарын сайлау: Садыр Жапаров халқына үндеу жасады

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 17 қарашада өтетін жергілікті кеңес депутаттарының сайлауына байланысты халыққа үндеу жолдады.

Садыр Жапаров халықты жергілікті кеңес депутаттарын сайлауға белсенді қатысуға шақырды, деп жазады Kazinform агенттігі.

– Кез келген сайлау, мейлі ол жергілікті кеңестерге болсын, мейлі Жогорку Кенешке болсын, еліміздің, халқымыздың алдағы бес жылдағы тағдырына тікелей әсер етеді. Сіз таңдаған өкілдер осы кезеңде өңір тұрғындарының өмірін жақсартуға және елдің дамуына жауапты болады. Әр өңірде өз ұл-қыздарыңыздың – үміткерлердің қабілетін жақсы білесіздер. «Төменге қарай тартатындарды» таңдамаңыздар, лайықтыларды таңдаңыздар. Ол дүние тез өзгеріп жатқан қазіргі уақытта күн сайын, кейде тіпті сағат сайын даму үшін маңызды, — деді ол.

Қырғыз басшысы биліктің сайлау науқанына араласпайтынын баса айтты.

– Биліктің сайлауға, басқа да мәселелерге араласып, бір кандидатты алға тартып, екіншісін қабылдамай тастаған кезі – өткеннің еншісінде. Кез келген мемлекеттік қызметкердің сайлауға араласып, белгілі бір кандидатты алға жылжытқаны анықталса, ол қатаң жазаланады, — деп ескертті Қырғыз Республикасының президенті.

Садыр Жапаров сайлау әр бес жыл сайын өтетінін, жұмсалған жарты сағат облыс пен қаланың осы кезеңдегі тағдырын айқындайтынын еске салды.

– Сайлауға қатысу – өзгерістерге жасалған қадам. Өзгерістерді өзімізден бастайық, — деді Қырғызстан басшысы.

2024 жылдың 17 қарашасында Қырғызстанда жергілікті кеңестер, сондай-ақ Бішкек және Ош қалалары депутаттарының сайлауы өтетіні бұған дейін хабарланған болатын.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 39 саяси партия 33 қалалық кеңес депутаттығына 188 кандидат тізімін ұсынған. Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев жергілікті кеңестер депутаттығына үміткерлердің әрқайсысының қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар-жоғын жан-жақты тексеруді тапсырды.

 

TuraNews

Back to top button