Елде 3 қарашадан бастап 2025 жылғы үлгідегі жаңартылған дизайны мен күшейтілген қорғаныс элементтері бар жалпыазаматтық паспорттар мен ID-карталар айналымға енгізілді.
Жаңа үлгідегі паспорттарда 1 және 2 деңгейлі 30-дан астам қорғаныс элементі, сондай-ақ 3-деңгейлі элементтердің көп мөлшері бар. Оларда инновациялық голограммалар мен кинеграммалар, ультракүлгін баспа, криптографиялық чип, жеке деректердің лазерлік гравировкасы, мәліметтер бетінде екі мөлдір терезе, соның ішінде қырғыз ою-өрнегі түріндегі терезе, бірегей визуалды өзгермелі бейнелер қамтылған.
Әрбір визалық бетте елдің барлық өңіріндегі нысандар мен орындар, сондай-ақ тарихи-мәдени нышандар — Манас бейнесі, «Ынтымак Ордо» резиденциясы, Хан-Тәңірі шыңы, Айгүл гүлі және басқа да суреттер бейнеленген. Бұлардың барлығы да құжаттардың қорғаныс элементтері ретінде қызмет етеді.
Жаңа үлгіге көшу келесі мүмкіндіктерді береді:
— мемлекеттік шекарадан өтетін азаматтарды есепке алуды жақсарту;
 — трансшекаралық қылмыс пен заңсыз көші-қонға қарсы күрестің тиімділігін арттыру;
 — құжаттардың қолдан жасалуына және заңсыз пайдаланылуына қарсы қорғауды күшейту;
 — өткізу бекеттеріндегі көші-қон бақылауының сапасын арттыру.
Бұған дейін Қырғызстанның Оңтүстік Африкаға паспорт экспортын бастағаны хабарланған болатын.



