Қырғызстанда I-IV ғасырдағы адам сүйектері мен заттар табылды
Қырғыз Республикасының Баткен облысы Қызыл-Қошуун алқабында археологиялық қазба жұмыстары кезінде шамамен I-IV ғасырларда өмір сүрген адамдардың сүйегі табылды. Бұл туралы Қырғызстанның Кабар агенттігіне сілтеме жасап Turanews.kz жазады.
Баткен мемлекеттік университетінің мәліметі бойынша, қазба жұмыстары жүрген аймақта зират, мола, архитектура нысандары, үй мен петроглифтері бар. Бұл жерде кейінгі зерттеулер 1954-1960 жылдары жүргізілген.
Археологиялық экспедиция басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Әбдінәби Қадыровтың айтуынша, қазу кезінде табылған ескерткіштер Қарабұлақ зираты дәуіріне жатуы мүмкін. Бұл алқаптан 150-200 археологиялық ескерткіш табылды.
Оның сөзінше, зерттеу барысында 1-4 ғасырларда өмір сүрген адамдардың жеке заттары табылған.
«Адаммен бірге көмілген сауыт, 3 пышақ, қанжар, жебенің ұшы мен белдіктер анықталды. Қарабұлақ ескерткіштері 1-4 ғасырларға жатады. Сол кездегі салт бойынша, қайтыс болған адамның жанына жеке заттары, әйелдердің жанына әшекей бұйымдар, бас жағына ыдысқа салынған ас қойылатын», — деп хабарлады ғалым.
Ол табылған заттар радиокөміртек талдауын жасау үшін Еуропа зертханасына жіберілетінін атап өтті.
«Зерттеуден кейін қорғанның қайдан шыққанын нақты білеміз», — деді Әбдінәби Қадыров.