Қырғызстанда біліктілігі жоқ психологтерді жарнамалауға тыйым салынды
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Әлеуметтік саясат комитеті екінші және үшінші оқылымда Қырғыз Республикасының «Жарнама туралы» Заңына біліктілігі жоқ психологтардың қызмет көрсетуі үшін жарнама таратуға тыйым салуды көздейтін түзетулерді қабылдады.
Атап өтілгендей, бүгінде тиісті кәсіби даярлығы жоқ курстар, тренингтер және консультациялар түрінде психологиялық қызмет көрсететін адамдар санының көбею үрдісі байқалып отыр. Салдарынан психологиялық қызмет нарығы көптеген білікті емес мамандарға толы, леп жазады Kazinform агенттігі.
Құжат бастамашыларының мәліметінше, психологиялық қызмет көрсететін адамдар өздерін әлеуметтік желілерде жиі жарнамалайды, пайдаланушылар оларды сол жерден тауып, мамандығы бойынша жоғары білім туралы құжат сұрамайды. Осыған байланысты заң жобасында кәмелетке толмағандар мен ересектерді қорғау мақсатында шектеулер енгізу ұсынылып отыр.
Сонымен қатар, түзетулер ойындар мен өзара бәс тігу, олардың ұйымдастырушылары, қатысушылары және делдалдары, соның ішінде букмекерлік кеңселер мен бәс тігу сияқты ойын мекемелерінің тәуекеліне негізделген жарнамаға рұқсат береді. Жарнама тек осындай ойындар мен өзара бәс тігу өткізілетін ғимараттар, құрылыстарда ғана орналастырылатыны атап өтілген. Бірақ оларды тікелей эфирде немесе спорттық жарыстың жазбасында көрсетуге тыйым салынады.
Еске сала кетсек, Қырғызстанда үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап сиқыршылар мен көріпкелдерді жарнамалауға заңды түрде тыйым салынған.
Сондай-ақ Қырғыз Республикасының Қаржы нарығын реттеу және қадағалау мемлекеттік қызметі ірі букмекерлік кеңсені жарнамалағаны үшін айыппұлдар әзірлеп жатқаны хабарланды.