Қырғызстанда азық-түлік қымбаттады

Қырғызстанда осы жылдың бірінші тоқсанында 2022 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда тұтыну бағасы мен тарифтер 3,2%-ға өскен, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қырғызстан ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, азық-түлік пен алкогольсіз сусындардың бағасы 3,6%, алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерінің бағасы 4,7%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 2,1%, халыққа көрсетілетін қызметтер тарифі 2,6% қымбаттаған.
Азық-түліктің ішінде бағасы ең қатты көтерілген азық-түлік түрлері мыналар: жаңа піскен көкөністер — 32,1%, күріш — 11,4%, балық — 8,4%, сүт өнімдері — 3,8%, алкогольсіз сусындар — 3,3%, тауық жұмыртқасы — 3,2%, макарон өнімдері және басқа да астық өнімдері — 2,6%, пісірілген өнімдер — 1,3% және ет — 0,8%.
Баға мен тарифтің өсуі республиканың барлық өңірлерінде байқалады. Бұл ретте, ең жоғары өсім Нарын облысында (6,1%). Басқа өңірлермен салыстырғанда мұнда тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындар құны 5,9% өсіп отыр.