ӘлемДенсаулық

Қырғызстан сарапшылары апиын көкнәрін өсіру жобасын қолдауда

Қырғызстанда апиын көкнәрін өндіру жобасын жүзеге асыруды қолдайтын бастамашыл топ құрылды. Сарапшылар пікірінше, шикізатты өсірудің қауіпсіздігі мен механикаландырылуын қамтамасыз ете алатын мемлекеттік мекеме құру қажет, деп 24.kg сайтына сілтеме жасап TuraNews.kz хабарлайды.

Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Мұрат Сүйінбаевтың атап өтуінше, Ресей – Қырғызстанда өсірілген апиын көкнәрін сату үшін ең тиімді нарық. Құнды шикізатқа Мажарстанда да сұраныс жоғары. Екі әлеуетті серіктес те көкнәр негізінде медицина препараттарын өндіру бойынша қуатты елдер. Онымен бір мезгілде, сарапшының пікірінше, «көкнәр жобасына» Түркия, Иран мен Үндістан қолдау білдіре алар еді.

Мұрат Сүйінбаев есірткі заттары туралы 1961 жылғы Конвенция аясында 5 тоннадан артық апиын көкнәрі БҰҰ беретін квота арқылы өндірілетінін айтты.

«Қырғызстанның осындай квота алу мүмкіндігі жоғары. Себебі экономикамыз дамушы, ал елде теңізге шығар жол жоқ», — дейді ол.

Биохимик дәрігер Бақыт Сайыпбаев анальгетик-дәрілердің 50-ден астам атауын өндіруге апиын көкнәрі пайдаланылатынын еске салды. Оған қоса негізгі әлеуетті серіктес – Ресейдің соғыс пен халықаралық оқшаулау салдарынан бұл шикізатқа сұранысы тіпті артып отыр.

Сарапшының пікірінше, елдегі есірткі жағдайы нашарлап кете ме деген қауіптің негізі жоқ. Себебі Қырғызстанда есірткі тасымалы бар екені жасырын емес, оны тоқтату үшін мемлекет тарапынан бақылау керек.

Саясаткер Бақыт Бекетаев Қырғызстан ауыл шаруашылығын дамытып, маржинал өніммен айналысқаны дұрыс деп есептейді. Апиын көкнәрі – ең табысты сала. Сарапшы көкнәр өсіру үшін 1 мың гектар жер бөлінсе, жылына 2,5 миллиард доллар табыс түсіп отыратынын атап өтті.

TuraNews

Back to top button