Басты

Қырғызстан қазақтары қауымдастығы 30 жылдығын атап өтуде

Бішкекте Абай Құнанбайұлы атындағы қырғыз-қазақ мәдени орталығында «Қырғызстан қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан-Қырғызстан: достық пен ынтымақтастықтың 30 жылы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға Қырғызстан Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Самат Шатманов, Халық жазушысы және Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы тұңғыш Елшісі Мұхтар Шаханов, Қырғызстан Республикасы халқы Ассамблеясының төрағасы Абдығаны Эркебаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Сайлау Батыршаұлы, Қазақстан Республикасының Қырғызстан Республикасындағы Елшісі Рәпіл Жошыбаев, Қырғыз дипломатиялық академиясының проректоры Зайнидин Құрманов, «Отандастар қорының» жоба үйлестірушісі, тарих ғылымдарының докторы Қалыбек Қобыландин, «Қырғызстан қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлшат Асылбаева, сондай-ақ саяси, ғылыми және қоғамдық-іскерлік топтардың басқа да өкілдері, қазақстандық дипломаттар мен Қырғызстандағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы екі мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық байланыс, ортақ тарих, шығармашылық және мәдени байланыстар, тіл, дін және дәстүр стратегиялық, саяси және экономикалық әріптестіктің дамуына ықпал етеді. Бүгінгі шара – бауырлас елдердің ұлы достығының «алтын көпірі», – деді ол.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тарихи тұлғалардың, ұлт зиялылары өкілдерінің екі елдің мәдениеті мен ғылымының дамуына қосқан үлесін талқылады.

Қырғызстан Республикасының саясат және мемлекет қайраткері Медетқан Шерімқұлов бауырлас халықтардың тарихи-географиялық жақындығына тоқталып, олардың ортақ гүлденуіне қосар үлесін атап өтті.

Қырғызстандағы мерейтойлық шара К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы шығармашылық ұжымының қатысуымен концертпен жалғасты.

Source
Inform.kz

TuraNews

Back to top button