Қырғызстан қазақстандық кәсіпкерге іздеу жариялады
Бұл туралы Қырғызстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті хабарлады.
Қ. Асанбектің (Қамшы Көлбаев) ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру фактісі бойынша қазақстандық кәсіпкер, «Симирам» демалыс орталығының иесі Таиров Ясынжан Ниязұлына іздеу салды, деп жазады Kazinform агенттігі.
Комитеттің мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) фактісі бойынша тіркелген сотқа дейінгі іс жүргізу материалдары бойынша тергеу, жедел іс-шаралар жүргізу шеңберінде қазақстандық кәсіпкер Таиров Ясынжан Ниязұлының «Братский круг» халықаралық қылмыстық топбына кірген Қ. Асанбектің ұйымдасқан қылмыстық топ қызметін қаржыландыру фактілері анықталды.
Мәселен, Ясынжан Таиров Қ.Асанбектің рэкет, бопсалау, қылмыстық қоғамдастық құрамында кәсіпкерлерден алым-салықтарды жүзеге асыру түріндегі заңсыз әрекеттерден ақша қаражатын жүйелі түрде алудағы қылмыстық қызметі туралы, сондай-ақ оның ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін бірнеше рет сотталғандығы туралы біле отырып, патронат алу мақсатында Қырғызстан аумағында бірлескен бизнес жобалар жүргізу үшін байланыс орнатты.
Кабар агенттігі хабарлағандай, Я. Таиров Қ.Асанбектің қылмыстық әрекетін қаржыландыру мақсатында 200 мың АҚШ доллары көлемінде ақша бергені анықталды.
Сондай-ақ, «Симирам» демалыс орталығының иесі тұрақты негізде бос уақыттары мен демалыстарын ұйымдастыру үшін ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдеріне коттедждер мен бөлмелер ұсынған. Сонымен қатар, қолда бар мәліметтерге сәйкес, Я.Таиров әрдайым назар аударып, Қ. Асанбекке мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде қымбат сыйлықтар ұсынып келген.
Айта кету керек, Я.Таиров пен Қ. Асанбек арасындағы кездесулер Шолпан-Ата қаласында, Қ. Асанбек пен оған үлестес тұлғаларға тиесілі «Барс» кешенінің аумағында өтті.
Я. Таировқа қатысты жиналған материалдардың негізінде Бішкек Октябрь аудандық сотының қаулысымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы сырттай сайланды, сондай-ақ ол қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін мемлекетаралық және «Интерпол» ҰБО желісі бойынша іздеу жарияланды.