Қырғызстан президенті Астанадағы ШЫҰ саммитіне қатысады
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 3-4 шілдеде Астанаға жұмыс сапарымен келіп, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысады

Бұл туралы Қырғызстан президенті әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Мұратбек Азымбакиев мәлімдеді.
«ШЫҰ елдерінің басшылары ұйым форматындағы көпжақты және көп векторлы ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық саясат мәселелерін талқылайды. Саммит отырыстарының қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Астана декларациясына қол қойылады», — деді Әзімбақиев.
Ол ШЫҰ-ға мүше елдердің саяси, экономикалық, энергетикалық және басқа да салалардағы өзара іс-қимылын нығайтуға, сондай-ақ ұйымның қызметін кеңейтуге және жетілдіруге бағытталған келісімдер мен құжаттарға қол қою жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Экологиялық мәселелерге, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікке, сауда-экономикалық қатынастар мен туризмді ілгерілетуде цифрлық технологияларды одан әрі дамытуға көп көңіл бөлінеді», — деп қосты Әзімбақиев.