
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Бообек Ажикеев мәлімдеді. Ол бұл шешімнің Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың тікелей тапсырмасымен қабылданғанын атап көрсетті, деп хабарлайды Кабар.
Тікұшақтар Korea Aerospace Industries (KAI) компаниясы тарапынан жеткізіледі. Бұл кез келген ауа райына төтеп беретін, жоғары маневрлі машиналар, күрделі таулы және климаттық жағдайларда жұмыс істеуге арналған. Жаңа техника азаматтық қорғаныс, құтқару операциялары, медициналық эвакуация, гуманитарлық миссиялар және халықты қорғау бойынша басқа да міндеттерде қолданылатын болады.
«Бұл болашақтағы шығындарды болдырмау және адам өмірін құтқаруға бағытталған стратегиялық инвестиция», -деді Бообек Ажикеев.
Екі тікұшақтың құны шамамен 71 миллион АҚШ долларын құрайды, алайда маңыздысы — Оңтүстік Корея тарапынан ұсынылған тиімді қаржыландыру болды:
- пайыздық мөлшерлеме: 0,1%;
- қарызды өтеу мерзімі: 40 жыл;
- жеңілдік кезеңі: 10 жыл (төлемсіз).
«Мұндай жағдайлар халықаралық стандарттар бойынша да сирек кездеседі. Әр мемлекет жоғары технологиялық техниканы осындай тиімді шарттармен сатып алу мүмкіндігіне ие бола бермейді», -деп атап өтті министр.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда министрліктің қарамағында үш тікұшақтан тұратын авиациялық база бар, оның бірін Қырғызстан халықаралық келіссөздер аясында сыйлық ретінде алған.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігі материалдық-техникалық базаны нығайтуды жалғастырып жатыр. Соңғы уақытта көптеп өрт сөндіру және ауыр техника, арнайы құрал-жабдықтар мен киім-кешектер жеткізілді. Жаңа ғимараттар салынып, қызметкерлердің еңбек жағдайлары жақсарып келеді.
Қазіргі таңда Қырғызстанда Оңтүстік Кореяның ресми банк делегациясы жұмыс істеп жатыр. Қырғыз тарапымен бірге тікұшақтарды сатып алу және техникалық-экономикалық негіздемені келісу бойынша соңғы келіссөздер жүргізіледі.