БастыСаясатЭкономика

Қырғызстан неге қазақстандық диқандарға су бермей отыр?

Қырғызстан Қазақстан тарапына, атап айтқанда Жамбыл облысына су беруді тоқтатты. Осыған орай Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі түсінік берді, деп жазады Turanews.kz 24.kg ресурсына сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасына жыл сайын вегетациялық кезең басталғанға дейін әзірленетін және Шу-Талас су комиссиясының тең төрағалары қол қоятын кестеге сәйкес су беріледі. Бірақ 2023 жылы бұл кесте маусым айында ғана келісіліп, көздердегі судың аздығына байланысты ағымдағы жағдайды ескере отырып бекітілді» делінген хабарламада.

17-19 шілдеде Бішкек қаласында Шу және Талас өзендеріндегі суды бөлу мәселесін шешу үшін Қырғызстан мен Қазақстан өкілдері кездескен.

Қазақстан тарапы Талас өзені бассейніндегі күрделі жағдайды баяндап, жамбылдық диқандардың су тапшылығы азабын тартып отырғанын тілге тиек ете келе 18-31 шілде аралығында Киров су қоймасынан берілетін суды секундына 45 текше метрге дейін арттыруды сұраған.

Ведомстводан түсіндіргендей, қол қойылған кестеге сәйкес Жамбыл облысы секундына 40 текше метр су алуы тиіс болатын.

Қырғыз тарапы Шу мен Талас облыстарында да дәл осындай қиын жағдай қалыптасқанын, су тапшылығына байланысты штабтар құрылып, тұтынушыларды сумен қамтамасыз ету үшін су айналымының кестесі әзірленгенін хабардар етті және Қазақстан тарапына секундына 45 текше метрден су жіберетін болса, 1 тамызға қарай Қазақстанның үлесі 3,54 млн текше метр болатынын, секундына 10 текше метр шығын кезінде су 4 тамызға дейін таусылатынын ескерткен.

«Берілген есеп пен дәлелдерге қарамастан Қазақстан тарапы өтінішінен бас тартқан жоқ. Бұл ретте қырғыз тарапы өз фермерлерінің тіршілік нәріне өте мұқтаж екенін білсе де, амалсыздан су айналымы кестесін енгізу арқылы су алу лимитін үнемдеді. Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін Талас алқабында сумен қамту көлемі өте төмен деңгейде қалып отыр», — деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінен.

Кездесуде тамыз айының екінші онкүндігінен бастап Қазақстан тарапына су берілмейтіні туралы хаттамаға қол қойылған.

Сонымен бірге, Киров су қоймасына құйылатын ағыс ұлғайған жағдайда Қазақстанға арнап су жиналатын болып келісілді.

«Өкінішке қарай, бүгінгі күні су қоймасындағы су шығыны — секундына небәрі 1 текше метр, келіп жатқан судың көбейетін түрі жоқ. 2022 жылы су шығыны секундына 13,7 текше метр еді. Айта кету керек, Қазақстанның «Талас» арнасынан мемлекеттік шекара бойындағы коллекторлық-дренаждық желі арқылы секундына 5-тен 8 текше метрге дейінгі су қабылдау мүмкіндігі бар», — деп толықтырды министрлік.

Бұған дейін Қырғызстанның Жамбыл облысына суармалы су беруді тоқтатқаны белгілі болған.

TuraNews

Back to top button