ӘлемСаясатЭкономика

Қырғызстан мен Өзбекстан тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізбек

Соңғы жылдары Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы туристердің саны артып келеді.

Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров жұмыс сапарымен Өзбекстанда жүр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Ақылбек Жапаров Ташкентке 2 мамырда ұшып келді. Оны әуежайдан әріптесі, Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов қарсы алды.

Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы алдымен ІІІ Ташкент халықаралық инвестициялық форумының пленарлық отырысына қатысты. Жиыннан соң ол Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті.

Жүздесуде тараптар сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту, ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, энергетика, көлік, логистика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайта түсу мәселелерін талқылады.

«Кейінгі жылдары Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы туристердің саны артып келеді. Сондай-ақ өзара тауар айналымының 2 есе өскені байқалды. Қазіргі уақытта сауда-саттық көлемін 2 млрд долларға дейін жеткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы.

Мұнымен қатар Шавкат Мирзиёев пен Ақылбек Жапаров Шығыс пен Батысты жалғайтын Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын салу, Қазақстан, Өзбекстан және Қырзғызстан бірлесіп салып жатқан «Қамбарата» гидроэлектростанциясының құрылысын сөз етті.

Сондай-ақ сапар аясында Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысы өтті. Бұған қоса екіжақты кездесулер, энергетикалық және құрылыс компанияларының басшыларымен келіссөздер жүргізілді.

TuraNews

Back to top button