Қырғызстан жыл сайын 100 өнеркәсіп нысанын іске қосуды жоспарлап отыр
Ақылбек Жапаров: жетістікке жету үшін жаңашыл көзқарас, технологиялық сауаттылық және инженерлік ойлау қажет.
Бұл туралы Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров елдің Экономика және сауда министрлігінің 100 жылдығына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде айтты.
«Біз экономиканы ауқымды индустрияландыруға көшеміз – бұдан былай жыл сайын 100 өнеркәсіп нысанын іске қосамыз», — деді Жапаров.
Оның айтуынша, жетістікке жету үшін жаңашыл көзқарас, технологиялық сауаттылық және инженерлік ойлау қажет.
Сондай-ақ, Жапаров 2023 жылы Қырғызстанның сыртқы сауда айналымы шамамен 5,4 миллиард долларды құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық өскенін атап өтті.
«Біз Қырғызстанның жаһандық картадағы шағын буыннан түрлі елдер мен континенттерді байланыстыратын маңызды көлік орталығына айналып жатқанын көріп отырмыз. Өткен жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 1,2 триллион сомнан (шамамен 13,7 миллиард доллар) асатындай жұмысты ұйымдастыра алдық. Биыл ЖІӨ 1,5 триллион сомға (шамамен 17,5 миллиард доллар) жетеді деп күтілуде. Соңғы үш жылда біз ел бюджетін үш есеге ұлғайта алдық», — деді ол.