Қырғызстанда ұлттық аза тұту күні жарияланды
Қырғызстанда 19 қыркүйек қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы қақтығыстар кезінде азаматтардың қайтыс болуына байланысты ұлттық аза тұту күні болып жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қол қойған Жарлыққа сәйкес, ұлттық аза тұту күні елдің бүкіл аумағында, сондай-ақ шет елдердегі дипломатиялық және консулдық мекемелер ғимараттарында республиканың мемлекеттік туы төмен түсіріліп, ойын-сауық мерекелері өткізілмейді, көңіл көтеретін теле-радиобағдарламалар көрсетілмейді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері Самарқандағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) саммиті аясында қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай бойынша келіссөздер жүргізді.
Айта кетейік, Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасындағы қақтығыс сәрсенбі, 14 қыркүйекте басталған болатын. Қырғызстан шекара қызметі тәжік әскерилерін ортақ шекараның белгіленбеген учаскесінде позиция ұстанды деп айыптады. Тәжік тарапы өз сарбаздарына себепсіз оқ жаудырғанын алға тартады.