Мәдениет

Құтлық қаған кешенінің халықаралық таныстырылымы өтті

15 желтоқсанда Түркі академиясы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияларымен бірлесіп Моңғолияда жүргізген «Номғон» экспедициясының нәтижесінде табылған Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішінің халықаралық таныстырылымына арналған форум өткізді. Шара түркі тілі күніне орайластырылды.

Алқалы жиынға Түркі академиясының президенті Шайын Мұстафаев, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сурея Ер, Халықаралық Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раев, Халықаралық Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін ғылыми-зерттеу орталығының Бас директоры Махмуд Ерол Кылыч (IRCICA) Махмуд Ерол Кылыч, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысы Қарайрат Сарыбай, Әзербайжан Республикасының бұрынғы Премьер-министрі, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов, Әзербайжан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Эльман Абдуллаев, Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Гүлсара Арыстанқұлова, Қырғыз Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты Өкілі Садық Шер-Нияз, Түркия Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Гүлнур Айбет, ЮНЕСКО істері жөніндегі Түркия ұлттық комиссиясының төрағасы Оджал Огуз, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Дугер Рэгдэл, бауырлас елдердің елшілері, сондай-ақ түркі елдерінің зиялылары мен ғалымдары қатысты.

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Академия президенті Ш. Мустафаев Түркі академиясының Моңғолиядағы жұмысы туралы хабардар етіп, биылғы жылы Номгон жазығында табылған Құтлық қағанға арналған кешені туралы ақпарат берді.

Пленарлық отырыстан кейін форум «Түркі өркениетінің жазба мәдениеті: Елтеріc Құтлық-қаған» және «Жаһандану дәуіріндегі түркі тілдері: сақтау және даму мәселелері» тақырыптарындағы секциялық панельдермен жалғасты.

Құтлық қаған кешенін таныстыруға арналған арнайы жиында Номгон экспедициясының мүшелері Алтангэрэлийн Энхтор мен Напил Базылхан осы кешен және сол жерден табылған көне түркі жазба ескерткіші туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Форумға қатысқан ғалымдар Құтлық қаған кешенінің маңыздылығына тоқтап, оның түркологиядағы елеулі оқиға екенін атап өтті.  Олар тың жаңалықтың табылуы Академияның ұзақ жылғы бірлескен ғылыми жұмыстары жемісі екенінін айтып, ұйымның еңбегін жоғары бағалады. Әсіресе кешеннен табылған бітіктастағы көне түркі, соғды және брахми жазбаларын тереңірек зерттеу түркі тарихының жаңа парақтарын ашатын айтты.

Форум аясында Құтлық қаған кешеніндегі археологиялық қазба жұмыстарын және ондағы табылған тарихи артефактілерді қамтитын фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кету керек, биыл Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бірлесіп жүргізген Монғолияның Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесінде Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазба ескерткіші табылды.

Осылайша Құтлық қағанға арналған Түркі академиясының шарасы Ұлан-Батордан басталып, Астана, Бурса, Баку, Бішкек, Ташкент, Будапешт қалаларында жалғасын тапты. Тағылымды шараның қорытынды таныстырылымы Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде аяқталды.

Source
Twesco.org

TuraNews

Back to top button