Түркі дүниесінің тарихында ел тағдыры шешілетін маңызды басқосулар ежелден «Құрылтай» форматында өткен. Тарихшылардың пайымынша, қазіргі заманауи парламенттік жүйенің негізі дәл осы дәстүрден бастау алады.
Ғұн және Көктүрік дәуірлерінен жалғасып келе жатқан бұл басқару институты бүгінде жаңаша сипатқа ие болуда. Түркиялық профессор Конуралп Ержиласунның айтуынша, Парламент атауын «Құрылтай» деп өзгерту немесе осы атауды қолданысқа енгізу – тарихи әділдікті орнату мен ұлттық символизмді жаңғыртудың айқын көрінісі.
Түркия Республикасында «Құрылтай» термині соңғы 120 жылдан бері белсенді қолданыста. Саяси партиялардың шешуші съездері мен салалық ірі жиындар әлі күнге дейін осы атаумен өткізіліп келеді. Профессор Ержиласун бұл дәстүрдің Түркияда ХХ ғасырдың басында, әсіресе ғылыми және саяси реформалар кезеңінде ерекше маңызға ие болғанын атап өтті.
Сарапшылар Қазақстандағы Ұлттық құрылтай аясында қабылданған шешімдерді жоғары бағалайды. Бұл тек атауды ауыстыру емес, ұлттық руханият пен мемлекеттіліктің тарихи тамырына қайта оралуы.
«Қазақстандағы бұл бастама – елдің жарқын келешегі мен ұлттық дәстүрін ұштастыратын маңызды қадам. Бұл шешім қазақ қоғамының тарихи жадының жаңғыруына септігін тигізеді», – дейді Конуралп Ержиласун.
Ел тағдыры талқыланатын бұл институттың тарихи атауымен қайта оралуы – бүкіл түркі әлемі үшін ортақ рухани мұраның құндылығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.



