Мәдениет

Құранның ең көне аудармасы жарыққа шықты

Түркі Академиясы Қарахан мемлекеті дәуіріне жататын (Х ғасыр) алғаш рет көне түркі тіліне аударылған Құран кітабының толық транслитерациясын кітап ретінде жарыққа шығарды, деп жазады Turanews.kz Академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірегей басылым Академия басшысы Шаһин Мұстафаевтың, белгілі түрколог Осман Фикри Серткаяның және еңбектің авторы Еркем Уралдың алғы сөздерімен басталады.

Кітаптың кіріспе бөлімінде автор бізге жеткен түркі тіліндегі Құран аудармаларының өзге де нұсқаларына тоқталып, оларды өзара жан-жақты салыстыра саралаған.

Негізгі бөлімдерде оқырман көне Құран аудармасының транслитерациясымен және қолданылған сөздердің жиілігі көрсеткішімен таныса алады.

Айта кету керек, бұған дейін Түркі академиясы аталған көне жәдігердің толық факсимилесін басып шығарған болатын. Бұл бірегей басылым біздің заманымызға жеткен көне түркі тіліндегі Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы саналады.

Ғылыми ортада «ТИЕМ 73» нұсқасы деп аталатын тарихи қолжазбаның түпнұсқасы Ыстанбұл қаласындағы Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр.

TuraNews

Back to top button