
ШҚО-да «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамы әзірлеген тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету құралдарының таныстырылымы өтті. Бағдарламаның басты мақсаты – жеке сектордың белсенділігін арттыру, сонымен қатар елімізде қолжетімді баспана құрылысының көлемін ұлғайту.
Бұл туралы компанияның басқарушы директоры Елдан Алибеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
2009 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта ҚТК-ның қолдауымен жалпы құны 3,1 трлн теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылған. Бұл 16,4 млн шаршы метр немесе 212,5 мың пәтердің пайдалануға берілгенін көрсетеді. 2024 жылы компанияның үлесі республика бойынша салынған көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы көлемінің 26% тең болды.
Компания өз қызметін үш негізгі бағытта жүзеге асырады:
тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды кепілдендіру;
қалалық және аз қабатты құрылыс жобаларын қаржыландыру;
сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу.
Кепілдендіру тетігі үлескерлердің қаражатын 100% қорғауға мүмкіндік береді. Егер құрылыс мерзімдері кешіксе, қаражат мақсатсыз жұмсалса немесе құрылыс компаниясы банкротқа ұшыраса, ҚТК нысанды аяқтап, пәтерлерді үлескерлерге тапсырады.
Бағдарлама құрылыс салушыларға ерте кезеңде қаражат тартуға жол ашады және сатып алушылар үшін «ипотекалық арнаны» ұсынады. Солардың бірі — ҚТК мен «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатын «Орда Аймақ» ипотекалық өнімі:
- несие сомасы – 2 млн 75 млн теңгеге дейін;
- бастапқы жарна – 20%;
- мерзімі – 24 айдан 240 айға дейін;
- пайыздық мөлшерлеме – жылына 15,9%;
- тиімді мөлшерлеме – 17,3%-дан 19,3%-ға дейін.
2025 жылғы 30 маусымда енгізілген заңнамалық өзгерістер құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды жеңілдетті: жұмыс тәжірибесі 3 жылдан 2 жылға қысқарып, іске асырылған нысандардың көлемі ірі қалаларда 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге, ал өңірлерде 9 мыңнан 5 мың шаршы метрге дейін төмендетілді. Сонымен қатар, үлестік қатысу тетігі енді жеке тұрғын үйлерден тұратын аз қабатты кешендерге де қолданылатын болды.
Өңірлердегі құрылыс компанияларына алғашқы кепілдік 0% мөлшерлемемен беріледі (қатысу шарттары орындалған жағдайда).
ҚТК сондай-ақ аймақтардағы кешенді құрылыс пен аз қабатты тұрғын үй жобаларын қаржыландыруды жүзеге асырады.
Кешенді құрылыс жобалары үшін:
- қаржы көлемі – 100 млн теңгеден бастап жобаның 30 пайызына дейін;
- мөлшерлеме – 12,6%;
- мерзімі – 36 айға дейін;
- құрылыс салушының өз үлесі – кемінде 10% болуы тиіс.
Аз қабатты құрылыс бағытында екі қаржыландыру тетігі қарастырылған:
Құрылысқа арналған несие желісі – мөлшерлеме 12,6%, мерзімі 5 жылға дейін;
Сатып алу және кейін жалға беру – мөлшерлеме 3,1%, мерзімі 10 жылға дейін.
Бағдарламалар 50 мың адамға дейін халқы бар елді мекендердегі кәсіпорын қызметкерлерін баспанамен қамтуды көздейді.
Тағы бір бағыт – ҚТК-ның құрылыс компанияларынан дайын тұрғын үйлерді сатып алып, азаматтарға 20 жылға дейінгі мерзімге жалға беру және кейін сатып алу құқығын ұсынуы.
Пәтерлер III–IV жайлылық классына сай келуі және таза әрлеумен тапсырылуы тиіс. Рұқсат етілген аудандар:
- 1 бөлмелі – 28–50 м²;
- 2 бөлмелі – 42–65 м²;
- 3 бөлмелі – 54–90 м².
Баға нормативтік сатып алу құны бойынша белгіленеді. Мәселен, Алматы қаласында тоғыз қабатты үйдегі 1 м² бағасы 419 569 теңге.
Кепілдік алу үшін өтінімдер homeportal.kz тұрғын үй порталы арқылы онлайн қабылданады, ал тұрғын үй бағдарламалары туралы толық ақпарат mitwork.kz сайтында жарияланған.

