Алматы қаласында Наурыз мейрамына орай ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыста Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі Бауыржан Әбдіқайым Қазақстанның жаңа рекордын орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрлік мәліметінше, ефрейтор Б.Әбдіқайым салмағы 50 келі қошқарды екі сағатта 2050 рет көтеріп, жаңа рекорд орнатты. Осыдан бір жыл бұрын Бауыржан қошқарды 1600 рет көтерген болатын. Жалпы, бұл оның осындай жарыстағы сегізінші жеңісі.
Спортшы Алматыда ұйымдастырылатын республикалық, қалалық марафондар мен ірі спорттық іс-шараларға тұрақты қатысып келеді. Ал биыл Отан қорғаушы күніне орай Алматыдан Таразға дейін жүгіріп жетуді жоспарлап отыр.
Ефрейтор Бауыржан Әбдіқайым Орталық спорт клубында 2017 жылдың мамыр айынан коменданттық взводтың аға сарбазы лауазымында қызмет атқарып келеді.