Қонаевта Алғыс айту күніне орай «Қайырымдылық керуені» өтті
1 наурызда Қонаев қаласында Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қайырымдылық керуені» атты игі шара ұйымдастырылды.

Акция аясында еріктілер қалалық перзентханаға барып, 1 наурызда дүние есігін ашқан сәбилер мен олардың ата-аналарына арнайы сыйлықтар табыс етті.
Сонымен қатар, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетіліп, мұқтаж жандарға арналған қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Еріктілер киім-кешек, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды жинап, мұқтаж отбасыларға үлестірді.
– Алғыс айту күні – жақсылықтың қарапайым игі істерден басталатынын еске салатын күн. Осындай бастамалар қоғамды одан әрі біріктіріп, ізгілікке бастайды, – деді КММ «Қоғамдық келісім және даму орталығының» басшысы Абай Елбосын.
Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері бұл игі дәстүрді жалғастырып, алдағы уақытта басқа қалаларда да осындай қайырымдылық акцияларын өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.