Мәдениет

Қазақтың ұлттық өнерін жалғастырған Қытайдағы шебер

Ер-тұрман – атқа мініп жүруге қажетті жабдықтардың жиынтық аты. Әдетте ер-тоқым, ер деп те аталады. Ер-тұрманға ерден басқа тоқым, ішпек, тебінгі, үзеңгі бау, үзеңгі, айыл, өмілдірік, құйысқан кіреді.

Қазіргі заманда ер-тұрман жасаушы шеберлер сирек кездеседі. Ал, Қытайдың Алтай қаласы, Әбитан қалашығы Қызылүйеңкі ауылының тұрғыны Сәмет Әзілұлы ер-тұрман жасау өнерін атасынан үйреніп, жалғастырып келеді, деп жазады Turanews.kz Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Ол басында бұл өнерді үйренудегі мақсаты – атасының тілегін орындау үшін ғана болған. Болашақта кәсіп ретінде жалғастырып кетемін деп ойламапты.

Бүгінде шебер атасынан үйренген осы өнердің арқасында әжептәуір табыс тауып отыр.

Сәмет Әзілұлы жасаған ер-тұрмандар ағаш материалын таңдаудан жасалуына дейін тапсырыс берушінің өтінішіне қарай жобаланады. Шебер қандасымыздың бір ерекшелігі ер-тұрман жасағанда, ол арнайы машинаның көмегімен жасамайды. Ер-тұрманның қыры, кеңдігі және басқа да өлшемдерін әкесінен үйренген білімі мен жеке тәжірибесіне сүйеніп, өз қолымен жасап дайындайды. Ол әр жылы қыс маусымындағы бос уақытында 20 ер-тұрман жасап, 30 мың юань(шамамен 1 950 000 тг көлемінде – авт.) кіріс кіргізеді.

69 жастағы шебер Сәмет Әзілұлы ер-тұрман жасау өнерін өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастапты. Ол ақ қайың, ақ терек және жиде ағаштарын материал ретінде ер-тұрман жасауға пайдаланады. Шебердің айтуынша, жоғарыдағы ағаш түрлерінің ортақ ерекшелігі — өте мықты. Мұндай материалдан жасалған ер-тұрманды 40-50 жыл пайдалануға болады. Оған 90-шы жылдардың басында ер-тұрманды жасатқандар арада 30 жылдай уақыт өтсе де қазірге дейін сол қалпында пайдаланып жүрген көрінеді.

TuraNews

Back to top button