Технология

«Қазақтелеком» және «AzerTelecom» Транскаспий талшықты-оптикалық жобасын іске асыру үшін келісімге қол қойды

Қазақстан мен Әзербайжанның жетекші телеком-операторлары Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) салу және пайдалану үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы акционерлердің келісіміне қол қойғаны жайлы жазды, деп Turanews.kz хабарлайды Қазақтелекомның баспасөз қызметіне сілтеме жасап .

Бұл желі Еуропа мен Азия арасында жаңа цифрлық телекоммуникациялық дәліз құруды көздейтін «Цифрлық Жібек жолы» (Digital Silk Way) ауқымды жобасының бөлігі болады.

Бүгінгі таңда екі тарап болашақ су асты желісінің жоғары деңгейлі HLD (high-level design) дизайнын әзірлеп, жобаны іске асырудың егжей-тегжейлі жол картасын бекітті. Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Әзірбайжанға сапары аясында тараптар Келісімге қол қойды. Құжатта жобаны іске асыру шеңберінде әр тараптың атқаруы тиіс іс-әрекеттері анықталып көрсетіледі.

«Қазақтелеком» АҚ тарапынан құжатқа Қазақстанның жетекші телеком-операторы Қуанышбек Есекеев, Әзірбайжан тарапынан «AzerTelecom» құрамына кіретін NEQSOL Holding телекоммуникациялық бөлімшесінің басшысы Василь Лацанич қол қойды.

Әзірбайжан астанасында бекітілген құжат Қазақстан-Әзірбайжан бағыты бойынша Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін салу және пайдалану жөніндегі бірлескен кәсіпорынның мақсаты мен міндеттерін айқындайды, әрі екі елдің жетекші операторларының осы жобаны басқару тетіктерін егжей-тегжейлі белгілейді. Келісімге түсініктеме бере отырып, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев «Қазақтелеком» және «AzerTelecom» өздерінің тиісті салаларындағы көшбасшылар ретінде осы жобаның трансформациялық әлеуетін жоғары бағалайтынын және оны жүзеге асыру үшін күш біріктіргенін атап өтті.

«Болашақ Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі екі елдің ішкі пайдаланушыларына байланыс қызметтерін ұсыну үшін, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық трафиктің қосымша мүмкіндіктерін жасау үшін ұлттық цифрлық инфрақұрылымдарды дамытуда шешуші рөл атқарады. Осы саладағы көп жылғы тәжірибемізді, ресурстарымызды және көзқарасымызды біріктіріп, осы аймаққа ғана тән жобаның сәтті құрылысы мен одан әрі пайдаланылуын қамтамасыз етеміз», — дейді Қуанышбек Есекеев.

Өз кезегінде Василь Лацанич Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі деректерді берудің жоғары өткізу қабілеттілігін қамтамасыз ететінін, аймақтарды байланыстырып, географиялық шекараларды еңсеруге айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.

«Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жаңа нарықтарға қолжетімділікті орнатуға және біздің елдерімізде интернетті пайдалану ыңғайлылығы мен деректерді берудің өткізу қабілетін арттыруға ықпал ететін болады. Одан бөлек, жобаның бірден-бір ерекшелігі – бұл Каспий теңізінің түбімен өтетін алғашқы суасты кабельдік жол болмақ», — деп қорытындылады сөзін NEQSOL Holding телекоммуникациялық бөлімшесінің басшысы Василь Лацанич.

«Қазақтелеком» АҚ инфокоммуникациялық қызметтердің кең ауқымын көрсететін Қазақстанның ірі телекоммуникациялық компаниясы болып табылады.

AzerTelecom — Әзірбайжанның жетекші көтерме телекоммуникациялық операторы. Компания NEQSOL Holding халықаралық компаниялар тобының құрамына кіреді

TuraNews

Back to top button