Қазақстанның Президент оркестрі Бурса көрермендерін тәнті етті
БУРСА. ҚазАқпарат – Түркияның Бурса провинциясында II Халықаралық әскери оркестрлер фестивалі өтіп жатыр, онда Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрі өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Бурса қаласындағы Худавендигяр атындағы орталық саябақта концерт өтті, онда бес елден – Қазақстан, Әзербайжан, Молдавия, Гагаузия және Түркиядан он оркестр өнер көрсетті. Олардың әрқайсысы көптеген ұлттық, классикалық және заманауи музыкалық шығармаларды орындады. Бұл ретте Молдавиядан келген музыкалық ұжымды би тобы сүйемелдеді.
Оркестрлер арасында Қазақстан музыканттары түрік көрерменінің назарын ерекше аударды. Олар ұлттық, әлемдік және түрік шығармаларын, сондай-ақ танымал әндердің кавер-нұсқаларын орындады. Сонымен қатар, «Динле» түрік композициясы көрерменнің ерекше көңілінен шықты, ол «тыңдаңыз» дегенді білдіреді. Түркия көрермендері Қазақстаннан келген әртістермен бірге ән айтып, орындарынан тұрып қошемет көрсетті.
Сонымен қатар, Президент оркестрі танымал композиторлардың «Қазақ елі», «Қазақ вальсі», «Азия дауысы», «Салтанатты шеру» атты шығармаларын, «Сүгірдің термесі» мен «Қазақ сувенирі» халық әндерін орындады.
Қазақстанның Президент үрмелі оркестріне Құрмет Бейсембаев дирижерлік етті.