Экономика

Қазақстанның сүт импортына тәуелділігі азаяды

Өткен жылы 36 тауарлық сүт фермасы іске қосылды, бұл елдің импортқа тәуелділігін азайтады, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мал шаруашылығы саласына инвестицияның тартылуын сақтауға мүмкіндік берді. Өткен жылы мал шаруашылығына тартылған инвестиция 2021 жылмен салыстырғанда 67% артып, 117,5 млрд теңгеге жетті, 102 инвестициялық жоба іске асырылды», — деді Ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев бүгінгі Үкімет отырысында.

Бұл ретте инвестициялардың ең үлкен көлемі тауарлық сүт фермалары құрылысына тиесілі. 2022 жылы қуаты 52,4 мың тонна сүт болатын 36 тауарлық сүт фермасы іске қосылған.

Сондай-ақ жалпы қуаты жылына 41,9 мың тонна құс етін өндіретін фабрикалар салу бойынша 7 инвестициялық жоба пайдалануға берілді.

«Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүт болатын 65 тауарлық сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлінді, бұл елдің импортқа тәуелділігін 39%-дан 11%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», — деді министр.

TuraNews

Back to top button