Қазақстанның халықаралық резерві 94,6 млрд долларға жетті
Қазақстанның халықаралық резерві 94,6 млрд долларға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп жазады Turanews.kz.
«Жалпы халықаралық резервтер мамыр айының соңында 94,6 млрд долларды құрады. Еркін конвертацияланатын валютадағы активтердің ұлғаюына байланысты Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бастап 1,1 пайызға немесе 35,5 млрд долларға дейін 0,4 млрд долларға ұлғайды», — деді ҰБ төрағасы Пірматов.
ҰБ төрағасы ұсынған мәліметке сай, Ұлттық қордың активтері жыл басынан бастап әлемдік индекстердің өсуі есебінен 6,1 пайызға немесе 59,1 млрд долларға дейін 3,4 млрд долларға артты.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке 1,9 трлн теңгеге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап 2,9 млрд долларға валюталық активтер сатылды. Қорға жыл басынан бастап түскен жиынтық қаражат 2,4 трлн теңгені құрады», — деді Ғалымжан Пірматов.