БастыТехнология
Trending

Қазақстанға жерсерік құрастыру үшін Өзбекстаннан мамандар келеді

Қазақстанда құрастырылатын түркі елдерінің бірлескен «Cubesat» жерсерігін жасауға Өзбекстандық мамандар да қатысады.

Бұл туралы Өзбек ғарыш агенттігі директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимов тілшімізге берген сұхбатында мәлім етті, деп жазады 24.kz.

Спутник ғылыми-техникалық мақсатта ұшырылады. Онда камера мен ғылыми тәжірибе жүргізуге арналған бірнеше құрылғы орнатылады. Негізгі мақсат түркі елдерінің біріккен жобасын сынап көру.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер көптеген бағытта бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Соның бірі ғарыш саласы. «CubeSat» спутнигін құрастыру үшін бауырлас мемлекеттердің бір топ инженері Қазақстанға аттанады. Жобаға зерттеу жасалып, нақты ұсыныстар айтылуы тиіс.

«Қазіргі уақытта қазақстандық әріптестерімізбен бірге «CubeSat» спутнигін құрастыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл жоба Түркі мемлекеттері ұйымы аясында қолға алынған. Мүше елдердің барлығы спутникті құрастыру, оны ғарышқа шығару ісіне қолдау көрсетіп отыр. Әсіресе осы жобаның бастамашысы қазақстандық әріптестеріміздің белсенділігі жоғары. Өзбек тарапы да бұл жобаға қызығушылық танытады және қатысады», деп малімдеді Өзбекстан ғарыш агенттігі директорының орынбасары, Мухиддин Ибрагимов.

Былтыр Түркі Мемлекеттері Ұйымына мүше елдердің сыртқы тауар айналымы 850 млрд долларға жетсе, оның 7% ұйым мемлекеттерінің үлесінде. Сарапшылар ресми Астананың ұсыныстары ұйымның қолдауына ие болып, интеграциялық байланыстарға серпін бергенін айтады. Біріккен спутник ұшыру идеясы соның айғағы.

«Орталық Азия елдерінің көптеген салада әлеуеті зор. Өндірісте ғана емес, көлік логистикасы, ауылшаруашылық және бұған қазір өзекті бағытқа айналған электртехникалық саланы қосуға болады. Цифрлық технология заманында Қазақстан жақсы жобаларды іске асырып, нәтиже көрсетті. Сіздердің елдеріңізде болғанымда соған көзім жетті. Осындай тың идеялардың Түркі ұйымында көтерілуі жақсы үрдіс», — деді Әзербайжан экономика министрлігіне қарасты ғылыми зерттеу институтының директоры, Шаин Садыхов.

Түркі ұйымына мүше мемлекеттер Қазақстанның ғарыш саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып, жобаның жүзеге асарына сенімді. Және осы бағытта жан-жақты қолдау көрсетуге даярлықтарын білдірді.

 

TuraNews

Back to top button